Бейнегалерея

Администратор

Администратор

«Айбын» әскери-патриоттық жиынына қатысушылардың бүгінгі күні таңғы 6-да тұрудан және таза ауада дене шынықтыратын жаттығуларын жасаудан басталды. Өздерін әскери қызметші ретінде көргісі келетін 800-ден аса қыз-жігіт үшін бұл болашақ кәсіпке дайындалудың таптырмас мүмкіндігі. Жиында жастармен жұмыс жасап жүрген әскери қызметшілер бұндай тәртіп жауынгерлерді шынықтырады деп атап өтті. Жастар дене даярлығы мен жауынгерлік даярлық сабақтарына бүгін дайындалуға тиіс.

Қыз-жігіттер күннің дәл осылай басталуы адамға сергектік, көтеріңкі көңіл күй сыйлайды және күні бойы қуатты болып жүруге үлкен күш беретіндігін құптайды. Апта бойы олар күш пен төзімділікті, зерделілік пен теориялық білімдерін көрсетуде күрделі сынақтарды игеруге тура келетінін айта кеткен жөн. Жиын барысында әскери қолданбалы спорт түрінен және жауынгерлік даярлық пәнінен, әскерилендірілген ойындарыдан, сондай-ақ зияткерлік байқауларынан және басқа да сайыстар өтеді.

Бұдан өзге, «Айбын-2016» әскери-патриоттық жиынын өткізу аясында «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ «Менің роботым» байқауын өткізді. Аталған байқауда 30 түрлі робот, атап айтқанда, мина іздеуші роботтан бастап, ұшқышсыз ұшу аппараттарына барлаушыларды, әскери-әуе барлауына арналған квадрокоптерлерді көрсетті. Бүгінде қызмет атқарушы роботтар жан-жақты дамуда, олар өз бетінше қозғалып қана қоймай, баспалдаққа шығуға, қауіпті жүктерді табуға және оларды тасымалдауға, сондай-ақ төтенше жағдайларда адамдарды іздеп, құтқару жұмыстарына қатысуға қабілетті.

Бүгін «Спасск» полигонында өтіп жатқан «Айбын» әскери-патриоттық жиынына қатысушылар қазақстандық десантшылар сияқты жаңа АРД кедергі жолақтарынан өтті. Автоматты бөлшектеу және жинастыру, газтұмылдырық пен жалпы әскери қорғаныс жиынтығын кию, сымнан жасалған қоршаудан өту – осылардың барлығы бүгін қыз-жігіттер өткен сынақтары бірнешеуі ғана. Аталған әскерилендірілген эстафетаның күрделілігі кедергі жолағында кездесетін бірнеше қиыншылықтарды игеруде болды. Жігіттер жаралы қаруластарын ұрыс даласынан алып өтуі, радиостанцияны ретке келтіріп, байланысқа шығуы, гранат лақтыруды орындауы, соныман қоса пневматикалық мылтықтан атуы қажет.

Кедергілер жолағында ойынға деген нағыз қызығушылық артты. Кейде қатысушылар команданың жеңісі мен өзінің әскери мектебі, клубы немесе кафедрасы үшін соңғы күш-қуатын аямай кедергілерден өтуді жалғастырып жатқандай көрінді. «Бұл жерге екінші рет келдім. Көптеген құнды білім мен тәжірибе берген өткен жылғы жиын ерекше әсер қалдырды. Биыл командалардан жинақылық, сондай-ақ дайындық деңгейінің әлдеқайда артқанын байқадым. Қыз-жігіттердің барлығы бұл жерге не мақсатпен келгенін жақсы түсінеді. Болашақта әскери ұшқыш болуды алдыма мақсат еттім. Мектептен кейін әскери оқу орнына түскім келеді», - деп Астана қаласындағы «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Нартай Нұрланұлы өз әсерімен бөлісті. Арқанға өрмелеу жарысы да бүгін өткенін айта кеткен жөн. Бұл жарыста арадағы нәтижелер бойынша көшбастаған Алматы қаласындағы «Жас ұлан» әскери мектебінің тәрбиеленушілері болды. Спорт комитеті – ҚР ҚМ АОСК бастығы Айталап Құрғамбаев атап өткендей, дене даярлығы дәл бүгінгі күні әскери оқу орнына және армияға қызмет өткеруге дайындалатындар үшін аса маңызды, бұдан өзге, жастардың бойында өзін-өзі жетілдіруге деген ынта болуы керек.

«Айбын» екінші әскери-патриоттық жиынында спорт бағдарламаларында өзгерістер болды. Былтырғы жылы спорттың бес түрі болса, биыл үш түріне дейін қысқартылды. Бұл жылы команданың барлық мүшелерінің әр спорт кезеңіне қатысуына ерекше назар аударылды. Аталған өзгерістер командалық рухтың болуы үшін және әр қатысушы жеңіске деген жауапкершілікті сезіну үшін енгізілді. Жас жауынгерлер өздеріне жүктелген жауапкершілікті сезінгені, сондай-ақ әр қатысушы жақсы деңгейде дайындалғаны байқалады», - деді ол. Естеріңізге сала кетсек, дәл қазіргі уақыт Қарағанды облысына қарасты «Спасск» оқу-жаттығу орталығында «Айбын» екінші әскери-патриоттық жиынының қызған шағы. Бұл жиынға еліміздің барлық өңірлерінен 800-ден аса қыз-жігіт қатысуда. Алда оларды жиынның қызыққа толы үш күні мен бұдан да маңызды сынақтар күтуде.

Дабыл бойынша көтерілу, сапқа тұру, жорыққа шығу және арнайы операциялар – әскери қызметшілерге тән оқу-жаттығуылардың бір бөлігі емес, нағыз жауынгерлік міндеттер. Бұл тапсырмалар бүгін әскери-далалық тактикалық ойындар аясында «Айбын» әскери-патриоттық жиынына қатысушыларға – оқушылар мен студенттерге берілді. Бәрі де таңғы 6-да басталды. «Спасск» оқу-жаттығу орталығының шатырлы лагерінде дабыл қағылды. Өздерін болашақ әскери қызметшілер қатарынан көргісі келетін 800-ден аса қыз-жігіт лагердің аумағында сапқа тұрды. Жас жауынгерлер қару-жарақтарды жинау, көшірілетін аумаққа жылжу және шартты қарсыласты жою сияқты осындай тапсырмалар алды.

Әскери-патриоттық клубтардың мүшелері, Әскери-мектеп интернаттарының тәрбиеленушілері мен жоғары оқу орындар әскери кафедраларының студенттері, яғни әр бөлімше өз бағыттары бойынша жұмыс жасады. Дегенмен жастардың жолында кедергілер аз болған жоқ. Атап айтқанда, миналанған дала, зақымданған учаскелер мен кедергі жолақтары. Осындай күштік тапсырмалардан өзге маңызды психологиялық міндеттер де болды. Мың құбылатын жауынгерлік іс-қимылдың қарқыны мен сипатын жылдам бағдарлап, салмақты шешім қабылдау және өз-өзіңді ұстап үйрену де маңызды. «Тапсырма оңай емес, дегенмен әскери ұжымның жинақылығының, білімінің және әр жауынгердің жалпы міндетті түсінуі мен жеке айла-тәсілінің, сондай-ақ жақсы даярлық нәтижесінде бәрін орындауға болады», - дейді жастарды бақылап жүрген әскери қызметшілер мен басшылар.

Шындығында солай, жастардың абыржымай, тапсырмаға кіріскені басшылардың жүргізген даярлығының нәтижесі екені мәлім. «Шынымды айтсам, бұл ойында ең қиыны әскери жабдықты арқаға асып, бірнеше километрге жүгіру болды. Содан кейін қорғану үшін газтұмылдырық кию де оңайға соқпады. Біз заттарымызды түсірсек те, жүгіруді жалғастырып, тапсырманы орындадық. Жиын барысында біз әскери қызметшінің қандай болуы қажеттігін және қаншалықты күрделі екендігін түсіндік», - деді Орал қаласы әскери-патриоттық клубының мүшесі Бибігүл Өтепбергенова. «Тактикалық ойын жоғары деңгейде өтті. Барлық қатысушылардың жауынгерлік рухы мықты. Бәріміз үшін жиын қызықты өтті, себебі кедергілердің барлығын команда құрамында игердік. Сынақтардың қорытындысы бойынша бірінші орынды жасұландық құрама команда иеленсе, екінші орынды – жоғары оқу орындары, ал үшініші орынды – мектептер алды. Әрине, күрделі жағдай туындады. Әскери тұрғыда кадеттіктер жоғары деңгейде.

Барлық кедергілер мен қиыншылықтарды оңай жеңіп шықты, ал ең қиын соққаны мектеп оқушылары еді. Оларға тәжірибе жетіспеді, себебі биыл жиынға бірінші рет қатысуда», - деп әскери-далалық тактикалық ойындар басшысы подолковник Жеңіс Маралов атап өтті. Осындай практикалық сабақтар жастарға өздерінің күшін, шынайы мүмкіндіктері мен әлсіз тұстарын сынап көруге мүмкіндік береді. Қиындықтармен және кедергілермен бетпе-бет кездескен олардың әрқайсысы әскери қызметші болудың оңай еместігін, ол үшін рухы мықты, шымыр және моральдық тұрғыда дайын болу керектігін түсінді. Дегенмен қатысушылар Қарулы Күштердің қатарына қосылуға ниеттері барлығын жасырмады және кәсіби әскерилермен бір сап бойында тұрып, шыңдалатындарына сенімді.

Бүгін, 17 маусым күні ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов «Айбын» екінші республикалық әскери-патриоттық жиынының салтанатты жабылу рәсіміне қатысты. «Өсер елдің баласы арманшыл болады, өшер елдің баласы жанжалшыл болады» Бұл Елбасымыз – Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі. Бүгін міне, мен осы ортада рухын намысына түйген, Отанын жүрегімен сүйген сол арманшыл жастарды көріп тұрмын! Сіздердің «ел ертеңін қорғаймын» деген қордалы ниеттеріңізді біліп тұрмын! Олай дейтінім, осы жерде өткен бес күнде Сіздер жауынгер болудың қыр-сырын меңгеріп қана қойған жоқсыздар. Өзара тірек болудың, қиындықта керек болудың қадірін білдіңіздер.

Осы арқылы нағыз достықтың не екенін сездіңіздер», - деді қорғаныс ведомствасының басшысы жиынға қатысушыларға арнаған сөзінде. Әскери қолданбалы спорт түрі, әскери-далалық тактикалық ойын, сондай-ақ «Айбын дарыны» робот техникалары мен зияткерлік байқауы бойынша жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен жастар Қорғаныс министрінің қолынан награда алуға лайық деп танылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әскери кафедрасының студенті Дастан Рахатов «Менің роботым» байқауының жеңімпазы атанды. «Менің ұшқышсыз ұшу аппаратым» байқауының үздігі - «Арыстан» мамандандырылған лицейінің тәрбиеленушісі Қайсар Бердіғұлов, ал «Айбын дарыны» зияткерлік ойынының үздігі ретінде Семей қаласындағы мамандандырылған мектеп-лицейінің тәрбиеленушісі Ерқанат Кенжеханов танылды. Семей қаласындағы мамандандырылған мектеп-лицейдің тәрбиеленушілері «Айбын» жиынының және әскери-далалық тактикалық ойынның жеңімпаздары деп жарияланды. Жалпы командалық сайыста бірінші орынды әскери-патриоттық клубтар арасында – Ақмола облысының «Батыр» әскери-патриоттық клубы, ал жоғары оқу орындары әскери кафедраларының арасында – Қазақ ұлттық аграрлық университеті, республикалық әскери мектеп-интернаттары арасында – Семей қаласының мамандандырылған мектеп-лицейі иеленді. Қорғаныс ведомствасының басшысы робот техникалары мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының көрмесімен танысты.

«Жас ұлан» әскери мектебінің тәрбиеленушісі қоян-қолтық күресте өз шеберлігін көрсетсе, ал әскери-техникалық мектептің жігіттері мотоцикл мен квадроциклді жүргізудегі керемет өнерлерімен тәнті етті. Содан кейін аспанға ұшқышсыз ұшу аппараттары көтерілді, ал авиациялық оқу-жаттығу орталығының курсанттары мен Әуе қорғанысы күштері әскери институтының жас ұшқыш түлектері ұшудағы жетістіктерін паш етті. «Отанды сүю – өркениеттіліктің бірінші белгісі. Десе де, өсу мен өркендеудің өзі – тек өзін-өзі қорғай алатын елдерге ғана бұйыратын бақ. Өздеріңізге мәлім, биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл. Бұл жылдардың басты жеңісі де, ертеңгі жемісі де – бүгінгі ұрпақ – Сіздерсіздер», - деді Иманғали Тасмағамбетов. Жас патриоттардың ортаға шығып, барлық жиынға қатысушылармен бірге салтанатты ант қабылдаған сәті жабылу рәсімінің айрықша сәті болды. Осыдан кейін «Айбын» жалауы түсіріліп, жиын ресми түрде жабылды. Естеріңізге сала кетсек, Айбын» екінші республикалық әскери-патриоттық жиынына 800-ден аса қазақстандық қыз-жігіт жиналды. Атап айтқанда, еліміздің барлық өңірлерінен әскери-мектеп интернаттарының тәрбиеленушілері, әскери-патриоттық клубтардың мүшелері мен жоғары оқу орындары әскери кафедраларының студенттері келді. Жиынға олардың әр қайсысын әскери қызметші, патриот болсам деген ниетпен және әскери іспен айналысуға деген шынайы тілек жетелеп келді.

Биылғы жылы бірінші рет «Айбынға» Қазақстанның жоғары оқу орындары әскери кафедраларының курсант қыздары қатысты. Дене төзімділігі мен шыдамдылыққа, дәлдік пен ептілікке нормативтер тапсыру бірінші сынақ болатын. Осы сынақ барысында жігіттер белағашта күштік жаттығуларды, ал қыздар – кешенді күштік жаттығуларды орындады. Сонымен қатар, қатысушылар автоматты бөлшектеу және жинақтауда өз ептіліктерін көрсетті. Атыс шебінде жастар үшін гранат лақтыру тағы бір сынақ түрі болды. Бұдан өзге лагердің аумағында нағыз көрме алаңы өрістетілді. Бұл «Менің роботым» байқауына қатысушылар робот техникасы ауқымында өздері жеткен жетістіктермен, сондай-ақ жаңа идеялармен таныстырды.

Биылғы жылы «Айбын» екінші республикалық әскери-патриоттық жастар жиынын өткізу кезінде қатысушылардың зияткерлер тобына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, «Қазақстан Инжиниринг» ҰҚ» АҚ ұйымдастыруымен алғаш рет «Менің роботым» байқауы өтті. Бұл байқау барысында әр команда роботтар мен роботталған жүйенің үлгілерін көрсетті. Көрмеде 30-дан аса робот өнімдері көрсетілді. Олардың ішінде, мина іздегіш роботтар, ұшқышсыз ұшу аппараттарына дейінгі барлаушылар, әскери-әуе барлауына арналған квадрокоптерлер. Аталған Роботтар көрермендер алдындағы тікелей эфирде өз мүмкіндіктері мен қызметтерін паш етті. Көрсетілген роботтардың барлығы жинау күрделілігі, жүктелген міндетті орындауы және пайдалы жұмысы жағынан бағаланды.

Әр санат бойынша нақты балл қойылды. Қойылған баллдың жалпы нәтижесі бойынша жеңімпаз анықталды. Сонымен қатар «Менің ұшқышсыз ұшу аппаратым» байқауы кезінде қатысушылар өз араларында уақытқа жарысты. Әуе кеңістігінде дронды ұзақ ұстап тұра алған қатысушы байқаудың келесі кезеңіне жолдама алды. Осылайша, олардың ішінен үздік ондық іріктелді. Нұсқаушылар дрондармен қалай жұмыс жасау керектігін үйретті. Жарысқа қатысушылар байқау басталар алдында аппараттарды басқару үшін тәжірибе жинақтады. Көрермендер үлкен экранның тікелей эфирі арқылы өздерінің сүйікті командаларының жеңістерін бақылады. Аталған сынақ түрі ұшуда дронның түрлі кедергілерден өтуін көрсетті. Сынақтың нәтижесінде дроннан құламай барлық кедергілерден өткен жеңімпаздар үштігі анықталды. Салтанатты жабылу рәсімі кезінде қорғаныс ведомствасының басшысы Иманғали Тасмағамбетов «Қазақстан Инжиниринг» ҰҚ» АҚ өткізіп отырған робот техникалары мен ұшқышсыз ұшу аппаратарының көрмесін аралады. Көрме аясында әр қатысушы өз робот өнімінің құрастыру күрделілігін сипаттап қана қоймай, сонымен қоса оның мүмкіндіктері мен қызметтерін де көрсетті.

Көрермендер алдында ұшқышсыз ұшу аппараттарының көрсетілімі өтті. ҚР бірнеше мәрте чемпиондары және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары ұшақтар мен тікұшақтар үлгілерінде ұшуды көрсетті. «Менің роботым» байқауында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әскери кафедрасының студенті Дастан Рахатов, ал «Менің ұшқышсыз ұшу аппаратым» байқауында «Арыстан» мамандандырылған лицейінің тәрбиеленушісі Қайсар Бердіғұлов жеңімпаз атанғанын атап өткен жөн.

Ағымдағы жылғы маусымда тұңғыш рет Қазақстанда Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу орталығының базасында «Айбын» жастардың республикалық әскери-патриоттық жиыны өтеді. Шараға еліміздің барлық аймағынан 800-ден астам жас буын өкілі қатысады. Жастар мен жасөспірімдерге әскери-патриоттық тәрбие беру, әскери қызметтің имиджін арттыру және дене даярлығы мен спортты насихаттау өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі басым бағыттар болып табылады. Жастардың бойында өзінің Отанын қорғауға дайын жоғары патриоттық сезімдері мен адамгершілік қасиеттері қалыптасуы тиіс.

Осы мақсатта түңғыш рет Қазақстанда республикалық әскери-патриоттық жиынға әскери-патриоттық клубтар, спорттың әскери қолданбалы түрлері бойынша облыстық және қалалық сайыстардың жеңімпаздары, республикалық әскери мектеп интернаттарының (Алматы, Қарағанды, Шымкнет, Семей, Павлодар, Ақтөбе қалалары), «Жас ұлан» республикалық мектебі мен «Арыстан» лицейінің тәрбиеленушілері, жоғары оқу орындары әскери кафедраларының студенттері қатысады. Әскери-патриоттық жиынға жас жеткіншектермен қатар қыздар да қатысады.

Сайыс бағдарламасына жастардың дене даярлығын айқындайтын негізгі күштік жаттығулар мен спорттың әскери-қолданбалы түрлері бойынша жарыстар енгізілген. Жарыс бағдарламасына белтемірге тартылу, 100 метрде АК-74-тен оқ ату, пневматикалық винтовкадан ату, газтұмшаны кию, сондай-ақ әскери-медициналық дайындық: бастапқы тануды салу, жаралыны эвакуациялау. Бұл жарыстар тәрбиеленушілердің жан-жақты дамуын жетілдіру, олардың дене даярлығын және әскери қызметке дайындау үшін моральдық-психологиялық қасиеттерін арттыру мақсатында өткізіледі.

Жастарды Қарулы Күштердегі әскери қызметке даярлау, олардың ептіліктері мен дағдыларын қалыптастыру–ағымдағы жылдың 9-13 маусымында Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу орталығында өтетін «Айбын» І республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының басты міндеттері болып табылады. І Республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны ерекше жиын болмақ.

Оған қатысатын жастардың саны рекордты нәтижені көрсетіп отыр. Олардың ішінде тұңғыш ретҚазақстанның 16 өңірінен жиналған әскери-патриоттық клубтарынан 320 тәрбиеленуші, 8 республикалық мектеп-интернатынан (Алматы, Шымкент, Қарағанды, Семей, Павлодар, Ақтөбе), «Арыстан» лицейі мен «Жас ұлан» мектебінен 160 тәрбиеленуші, жоғарғы оқу орындарынан 25 әскери кафедраның 250 студенті, топ басшыларынан шамамен 80өкіл бар. Сегіз жүзден астам қатысушы өздерін нағыз жауынгер ретінде көрсете алады.

Олар полигон сынақтарында жаттығып, АК-74 қаруынан, пневматикалық винтовкадан атуды меңгереді, жадағай түріндегі жалпы әскери қорғаныс кешенін киіп, жаралыларды құтқарады және командирлерге кез-келген жауынгерлік тапсырманы игере алатынын дәлелдейді. Естеріңізге сала кетсек, жиынның мақсаты жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, дене, әскери-қолданбалы және техникалық даярлықты жетілдіру болып табылады.

Қазақстан Республикасының спорт шеберлері, ұлттық құрама мүшелері, балалар мен жасөспірімдер арасындағы ҚР біріншілігінің жеңімпаздары, Еуропа және Азия чемпионаттарының жүлдегерлері, республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу орталығының базасында 9 маусымда басталатын «Айбын» жастардың тұңғыш республикалық әскери-патриоттық жиынына қатысады.

Қарулы Күштердің қатарына әскери қызметке жастарды дайындау, олардың жауынгерлік қызмет өткеру кезінде қажет дағдылары мен шеберліктерін қалыптастыру, дене тұрғысында жетілдіру – алдағы жиынның негізгі міндеттері болып саналады. Оған Қазақстан жастарының ең мықты, ақылды және белсенді өкілдері қатысатын болады. «Бүгінгі өткізіліп отырған «Айбын» 1-ші республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының ұйымдастырушыларына, яғни Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне өзімнің атымнан және генерал Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің жеке құрамы атынан үлкен алғысымды білдіргім келеді», - деді генерал С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің 10-сынып оқушысы Тотанов Нұржан.

«Осындай жарыстар жастарымыздың бойында әскери-техникалық білім, біліктілік пен дағдыны қалыптастыру, батылдыққа, ұйымдастырушылыққа тәрбиелеу, тәртіп пен жолдастық сезімін қалыптастырады деп ойлаймын. Мен осы аталған жарысқа қатысқаныма өте қуаныштымын және мақтанамын, мен үшін бұл абырой деп санаймын, сонымен бірге осы жарыстан үлкен әсер алдым. Сондықтан да біз «Нұрмағамбетовшылар» бүгінгі сайысты тек ойын ретінде қабылдамай, бізге дейінгі және қазіргі кездегі ең мықты азаматтарымыздың ар-намыс кодексі екенін естен шығармай бар күш-жігерімізді саламыз» - деді Нұржан Тотанов.

Қарағанды облысына қарасты «Спасск» оқу-жаттығу полигонында алғашқы «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жиынына қатысушы өкілдерден құралған делегациялар келе бастады. Қарағанды қаласының теміржол вокзалына еліміздің батыс өңірі – Маңғыстау облысынан «Жас теңізші» әскери-патриоттық клубы, ал Ақтау қаласынан – Каспий университетінің, сондай-ақ Петропавлдан Қозыбаев атындағы СҚМУ әскери кафедрасының студенттері жиынға бірінші болып келді. Жиынға қатысушыларды вокзалда дәстүр бойынша шашу шашып, әскери оркестрдің сүйемелдеуіменқарсы алды.

Осыдан кейін жастар мен қыздар «Спасск» оқу-жаттығу орталығына бет алды. Аталған жерде олар далалық лагердің медициналық пунктінде тексеруден өтіп, қыздарды – жатаханаға, жігіттерді – шатырларға орналастырды. Бүгін Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан, сондай-ақ Астана және Алматыдан қатысушылар келеді деп күтілуде. Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылдың 10 маусымында Қазақстанда алғаш рет Қарағанды облысына қарасты «Спасск» республикалық әскери-патриоттық жиыны басталады. Оған 800-ден астам адам қатысады. Бұл жарыстар тәрбиеленушілердің әскери қызметке даяр болуы үшін жан-жақты дамуын жетілдіру, олардың дене даярлығы мен моралды-психологиялық қасиеттерін арттыру мақсатында өткізіледі.

Бүгін, 2015 жылдың 10 маусымы күні Қазақстандағы алғашқы «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны Қарағанды облысына қарасты «Спасск» оқу-жаттығу орталығының базасында ресми түрде басталды. Жиын қазақстандық белсенді жастардың 800-ден аса өкілінің басын қосты. Олар әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, әскери-қолданбалы спорт түрі бойынша облыстық және қалалық жарыстардың жеңімпаздары атанып жүрген қыз-жігіттер, сондай-ақ республикалық әскери мектеп интернаттарының (Алматы, Қарағанды, Шымкент, Семей, Павлодар, Ақтөбе қалалары), «Жас ұлан» республикалық мектебі және «Арыстан» лицейінің тәрбиеленушілері, жоғарғы оқу орындардағы әскери кафедралардың студенттері.

Салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабының бастығы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі. «Қорғаныс министрінің, Қарулы Күштердің басшылығы атынан біздің ұлан-байтақ еліміздіңоқушы жастарынан құралған үздіктерді бірінші әскери-патриоттық жастар жиынымен құттықтаймын.

Бүгінде халқымыз Елбасы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысының қолдауының арқасында өскелең ұрпаққа аса зор ықыласпен көңіл бөлуде. Барлық өңірлерде, қалаларда жастардың оқуына, спортпен айналысуына және өз Отанының абыройлы азаматы деген атқа лайық болуына барлық қолайлы жағдай жасап келеді. Қазіргі таңда армия отансүйгіштіктің, достықтың, тұлға болып қалыптасудың шынайы мектебіне айналып отыр. Мені жастардың бар ынтасымен ҚР ҚК қатарына түсуге деген ұмтылысы қуантады. Бұл маңызды және ізгі міндет. Сіздерді Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің курсанттары мен офицерлерінің қатарынан көремін деген үміттемін. Осы орайда әскери істе білікті маман болу үшін барлық күш-жігерді аянбайтындарыңызға сенемін. Жүректеріңізде Елге шексіз берілген сүйіспеншілік оты жалындасын, сау және шымыр болып, ақыл-ойларыңыз маңызды және күрделі міндеттерді шешкен сайын қайрала түссін», - деді ол. «Айбын» жиыны маусымның 10 мен 13 аралығында төрт күнге созылады. Қатысушыларды мазмұнды бағдарламалар күтіп тұр.

Оған жастардың дене даярлығын анықтайтын негізгі күштік жаттығулар және әскери-қолданбалы спорт түрі бойынша жарыстар енгізілген. Оның ішінде: белағашқа тартылу, 100 метрден АК-74 ату, пневматикалық винтовкадан атыс, газтұмылдырықты кию, сондай-ақ әскери-медициналық даярлық бойынша: алғашқы таңуды көрсету, жарақаттанған адамды көшіру. Жастар қазақстандық армияның заманауи техникасы мен қару-жарағын көріп ерекше даярлық мектебінен өтеді, өздерінің күштері мен мүмкіндіктерін сынайды, теңдесіз тәжірибе жинап, жаңа достар табады. Жиынның басты міндеттері жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдіру, әскери-патриоттық клубтардың іс-қимылын үйлестіру, жастарды Қарулы Күштердегі әскери қызметке даярлау, олардың бойында әскери қызметті өтеу кезінде қажет дағдылар мен ептілікті қалыптастыру, сондай-ақ жастарға салауатты өмір салтын насихаттау, дене, әскери-қолданбалы және техникалық даярлықты жетілдіру болғанын атап өткен жөн.

© 2019 Барлық құқық қорғалған.Халықаралық әскери-патриоттық жиын "Айбын". https://arctika.kz
facebook instagram vk

Please publish modules in offcanvas position.