Жаңалықтар

Жұма, 17 Маусым 2016 21:40

ҚР Қорғаныс министрі үздіктердің үздігін марапаттады

ҚР Қорғаныс министрі үздіктердің үздігін марапаттады

Бүгін, 17 маусым күні ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов «Айбын» екінші республикалық әскери-патриоттық жиынының салтанатты жабылу рәсіміне қатысты. «Өсер елдің баласы арманшыл болады, өшер елдің баласы жанжалшыл болады» Бұл Елбасымыз – Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі. Бүгін міне, мен осы ортада рухын намысына түйген, Отанын жүрегімен сүйген сол арманшыл жастарды көріп тұрмын! Сіздердің «ел ертеңін қорғаймын» деген қордалы ниеттеріңізді біліп тұрмын! Олай дейтінім, осы жерде өткен бес күнде Сіздер жауынгер болудың қыр-сырын меңгеріп қана қойған жоқсыздар. Өзара тірек болудың, қиындықта керек болудың қадірін білдіңіздер.

Осы арқылы нағыз достықтың не екенін сездіңіздер», - деді қорғаныс ведомствасының басшысы жиынға қатысушыларға арнаған сөзінде. Әскери қолданбалы спорт түрі, әскери-далалық тактикалық ойын, сондай-ақ «Айбын дарыны» робот техникалары мен зияткерлік байқауы бойынша жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен жастар Қорғаныс министрінің қолынан награда алуға лайық деп танылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әскери кафедрасының студенті Дастан Рахатов «Менің роботым» байқауының жеңімпазы атанды. «Менің ұшқышсыз ұшу аппаратым» байқауының үздігі - «Арыстан» мамандандырылған лицейінің тәрбиеленушісі Қайсар Бердіғұлов, ал «Айбын дарыны» зияткерлік ойынының үздігі ретінде Семей қаласындағы мамандандырылған мектеп-лицейінің тәрбиеленушісі Ерқанат Кенжеханов танылды. Семей қаласындағы мамандандырылған мектеп-лицейдің тәрбиеленушілері «Айбын» жиынының және әскери-далалық тактикалық ойынның жеңімпаздары деп жарияланды. Жалпы командалық сайыста бірінші орынды әскери-патриоттық клубтар арасында – Ақмола облысының «Батыр» әскери-патриоттық клубы, ал жоғары оқу орындары әскери кафедраларының арасында – Қазақ ұлттық аграрлық университеті, республикалық әскери мектеп-интернаттары арасында – Семей қаласының мамандандырылған мектеп-лицейі иеленді. Қорғаныс ведомствасының басшысы робот техникалары мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының көрмесімен танысты.

«Жас ұлан» әскери мектебінің тәрбиеленушісі қоян-қолтық күресте өз шеберлігін көрсетсе, ал әскери-техникалық мектептің жігіттері мотоцикл мен квадроциклді жүргізудегі керемет өнерлерімен тәнті етті. Содан кейін аспанға ұшқышсыз ұшу аппараттары көтерілді, ал авиациялық оқу-жаттығу орталығының курсанттары мен Әуе қорғанысы күштері әскери институтының жас ұшқыш түлектері ұшудағы жетістіктерін паш етті. «Отанды сүю – өркениеттіліктің бірінші белгісі. Десе де, өсу мен өркендеудің өзі – тек өзін-өзі қорғай алатын елдерге ғана бұйыратын бақ. Өздеріңізге мәлім, биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл. Бұл жылдардың басты жеңісі де, ертеңгі жемісі де – бүгінгі ұрпақ – Сіздерсіздер», - деді Иманғали Тасмағамбетов. Жас патриоттардың ортаға шығып, барлық жиынға қатысушылармен бірге салтанатты ант қабылдаған сәті жабылу рәсімінің айрықша сәті болды. Осыдан кейін «Айбын» жалауы түсіріліп, жиын ресми түрде жабылды. Естеріңізге сала кетсек, Айбын» екінші республикалық әскери-патриоттық жиынына 800-ден аса қазақстандық қыз-жігіт жиналды. Атап айтқанда, еліміздің барлық өңірлерінен әскери-мектеп интернаттарының тәрбиеленушілері, әскери-патриоттық клубтардың мүшелері мен жоғары оқу орындары әскери кафедраларының студенттері келді. Жиынға олардың әр қайсысын әскери қызметші, патриот болсам деген ниетпен және әскери іспен айналысуға деген шынайы тілек жетелеп келді.

Биылғы жылы бірінші рет «Айбынға» Қазақстанның жоғары оқу орындары әскери кафедраларының курсант қыздары қатысты. Дене төзімділігі мен шыдамдылыққа, дәлдік пен ептілікке нормативтер тапсыру бірінші сынақ болатын. Осы сынақ барысында жігіттер белағашта күштік жаттығуларды, ал қыздар – кешенді күштік жаттығуларды орындады. Сонымен қатар, қатысушылар автоматты бөлшектеу және жинақтауда өз ептіліктерін көрсетті. Атыс шебінде жастар үшін гранат лақтыру тағы бір сынақ түрі болды. Бұдан өзге лагердің аумағында нағыз көрме алаңы өрістетілді. Бұл «Менің роботым» байқауына қатысушылар робот техникасы ауқымында өздері жеткен жетістіктермен, сондай-ақ жаңа идеялармен таныстырды.

  • Источник: Материал предоставлен сайтом Министерства обороны РК
Nlogo Rus
Sovet Rus
100 Shagov Rus
Modern3 Rus
© 2018 Барлық құқық қорғалған.Халықаралық әскери-патриоттық жиын "Айбын". https://arctika.kz
facebook instagram vk

Please publish modules in offcanvas position.