Жаңалықтар

Сенбі, 13 Маусым 2015 17:04

«Айбын» тұңғыш әскери-патриоттық жиыны аяқталды

«Айбын» тұңғыш әскери-патриоттық жиыны аяқталды

10-12 маусым аралығындағы үш күнде «Спасск» оқу-жаттығу орталығының полигоны шынайы далалық жағдайда өздерінің машығын, дене даярлығы мен қиындықтарды еңсеру шеберлігін көрсеткен жас Отан қорғаушылардың басқосу алаңына айналды. Жиынның жабылу рәсімінде ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысушыларға жолдаған хатын жеткізді.

Елбасының жастарға арналған хатында: «Қазақстанның әскери-патриоттық клубтарының үздік өкілдеріне, әскери мектептердің оқушылары мен жоғары оқу орындарының әскери кафедралары студенттеріне шын жүректен ыстық ықыласымды білдіремін. Елімізде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарындағы жас ұрпақты жауынгерлік қызметке даярлап жатқан 2 мыңға жуық әскери-патриоттық ұйым бар. Отанымызды – Мәңгілік елді қорғау және әскер қатарында қызмет ету – әр қазақстандықтың қастерлі борышы. Кәсіби Отан қорғаушы болу - жоғары патриотизмнің көрінісі. Сіздер халқымыздың даңқты тарихының лайықты мұрагерлері ретінде бұдан 70 жыл бұрын Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен батырлар ерлігін әрдайым есте сақтайды деп есептеймін. Әскерге, оның заманға сай қарулануына және әскери дайындығына қамқорлық – Қазақстанды нығайту жолындағы 100 нақты қадамның – Ұлт жоспарының маңызды бөлігі. Оны жүзеге асыру ісі басталып та кетті. «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысушыларға төзімділік, мықтылық, әскери бейімділік, командалық рух және өзара жолдастық көмекке адалдық тілеймін!», - делінген.

Сайыс барысында жалпы командалық бірінші жүлделі орындарды мыналар: әскери-патриоттық клубтар арасында Астана қаласындағы «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубының, ЖОО әскери кафедралары арасында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің, республикалық әскери мектеп-интернаттары арасында Т. Бигелдинов атындағы Қарағанды республикалық әскери мектеп-интернатының командалары иеленді. ЖОО әскери кафедралары арасындағы әскерилендірілген эстафета қорытындысы бойынша бірінші орынды Қозыбаев атындағы СҚМУ (Петропавл қ.), әскери-патриоттық клубтар арасында Ақмола облысының «Айбын» ӘПК, әскери-мектеп-интернаттары арасында С. Рақымов атындағы республикалық әскери мектеп-интернаты (Шымкент қ.) иеленді. Әскери-далалық ойын нәтижелері бойынша бірінші әскери мектеп-интернаттарының біріккен командасы, екінші ЖОО әскери кафедраларының командасы және үшінші әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері болды. Сонымен қатар, белтемір мен серіппедегі жаттығулар, пневматикалық винтовкадан оқ ату, 100 метр қашықтыққа жүгіру, ұзындыққа секіру, арқан тарту, газтұмша, жалпыәскери қорғаныс жиынтығын кию, АК-74 автоматын бөлшектеу және құрастыру бойынша спорттың әскери-қолданбалы түрлері бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер де анықталды.

Айта кетейік, Қазақстандағы алғашқы «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны Қарағанды облысына қарасты «Спасск» оқу-жаттығу орталығының базасында өтті. Жиын қазақстандық белсенді жастардың 800-ден аса өкілінің басын қосты. Олар республиканың 16 өңірінен келген әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, әскери-қолданбалы спорт түрі бойынша облыстық және қалалық жарыстардың жеңімпаздары атанып жүрген қыз-жігіттер, сондай-ақ республикалық әскери-мектеп интернаттарының (Алматы, Қарағанды, Шымкент, Семей, Павлодар, Ақтөбе қалалары), «Жас ұлан» республикалық мектебі және «Арыстан» лицейінің тәрбиеленушілері, жоғары оқу орындардағы әскери кафедралардың студенттері. Шара барысында ҚР Қарулы Күштерінің таныстырылымы өтіп, онда қатысушылар Қазақстан армиясы арнайы бөлімшелерінің жарағында тұрған қару-жарақ жүйесін, әскери барлаудың техникалық құралдарын көрді.

  • Источник: Материал предоставлен сайтом Министерства обороны РК
Nlogo Rus
Sovet Rus
100 Shagov Rus
Modern3 Rus
© 2018 Барлық құқық қорғалған.Халықаралық әскери-патриоттық жиын "Айбын".
facebook instagram vk

Please publish modules in offcanvas position.