Жаңалықтар

Сейсенбі, 13 Маусым 2017 12:09

Жігерлі жастар жиыныЖігерлі жастар жиыны

Жігерлі жастар жиыныЖігерлі жастар жиыны

Қарағанды темір жол вокзалы маусым айының 12-17 аралығында «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты «Спасск» оқу-жаттығу орталығында «Айбын» жастардың әскери-патриоттық жиынына қатысуға келген командаларды салтанатты түрде қарсы алды. Биылғы іс-шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналмақ. Оған еліміздің әр түрлі өңірлерінің әскери оқу орындары, мектеп-интернаттары мен әскери-қолданбалы спорт және патриоттық клубтарынан 600-ге тарта жасөспірім қатысады.

Жыл сайын маусым айында өткізілетін «Айбын» жастардың әскери-патриоттық жиыны тарихи, идеологиялық маңызға ие және жалпы мемлекеттік масштабта өткізіледі. Жиын Тәуелсіз еліміздегі жарқын тарихи оқиға болуымен қатар, өскелең ұрпақ бойында патриоттық сезім мен Отанын қорғауға дайын ел азаматының рухани сапаларын қалыптастыруға ықпал етеді.

Жиынға республикамыздағы 16 қала мен облыстардан әскери-патриоттық клуб командаларымен қатар, республикалық әскери мектеп интернаттары, республикалық «Жас Ұлан» және «Арыстан» лицейінің командалары қатысады.

Әскери-патриоттық жұмысты, әртүрлі елдердің жас әскери бірлестіктерінің арасындағы серіктестік формасын жетілдіру, ұлтаралық достықты нығайту және жастарды интернационалдық келісім мен өзара құрмет рухында тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылатын жиынға биылғы жылы алғаш рет Өзбекстан Республикасының өкілдері, өзге де мемлекеттердің әскери атташелері, жастар саясаты жөніндегі басқарма басшылары және республикалық жастар ұйымдарының көшбасшылары шақырылып отыр.

Жиын бағдарламасына «Білімпаз» зияткерлік ойыны, жетістіктер көрмесін өткізу, өз елдерінің, өңірлерінің және оқу орындарының презентациясы, жастардың дене даярлығын айқындайтын негізгі күштік жаттығулар, спорттың әскери-қолданбалы түрлері бойынша жарыстар қосылған.

Іс-шара аясында робототехникадан «Менің роботым» атты байқау өткізіледі. Байқауда әскери-патриоттық клуб мүшелері өздері құрастырған робот түрлері көрсетіледі. Олар, барлау, әскери әрекеттер, іздеу және жарылғыш заттарды залалсыздандыру және тағы басқа мүмкіндіктерге ие.

Әскерилендірілген кросс, қанат тарту, пневматикалық тапаншадан оқ ату, мега-арт-фестивалі, пейнтболдан командалық ойын, әскерилендірілген эстафета, «World of tanks» компьютерлік ойынын өткізу же жоспарланып отыр.

Халықаралық жиынның ашылуы күні әскери қызметшілердің қоян-қолтық ұрысы бойынша көріністер, арнайы жасақталған бөлімшенің іс-әрекеттері көрсетілмек. Авиация (Ми-17) және артиллерия (отты взвод Д-130) қолдауымен роталық тактикалық топтың әскери эпизоды да жиынға қатысушыларының назарында болады. Әскери-әуе күштерінің парашютистері мен пилотаждық топтарының, Қарағанды қаласының әскери-техникалық мектебінің мотоцикл жүргізушілерінің өнерлерін де көретін болады.

– Қасиетті Сарыарқа жері осымен үшінші рет халықаралық «Айбын» жиынын қабылдап отыр. Биылғы жылы Ресейден және Өзбекстаннан қатысушыларды қабылдау құрметіне ие болдық. Жиынға қатысуға келген қонақтарды түні бойы қабылдадық, ең соңғы келгені – Астаналық команда, – дейді, Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мирас Құттыбай.

Роман Өтесейітов, «Жас Ұлан» мектебінің тәрбиеленушісі:

– Мен болашағымды әскери қызметпен байланыстырғым келеді. Біздің командамыз әскери-патриоттық жарысқа бірінші орынды иеленуді жоспарлап келді. Жүгіру және тартылумен қатар, пейнтбол, әскерилендірілген кросс бойынша да сайысқа түсеміз. Мектебіміз барлық қажетті жабдықпен жабдықталған, сол себепті дайындық барысында қиындық туындаған жоқ.

Nlogo Rus
Sovet Rus
100 Shagov Rus
Modern3 Rus
© 2018 Барлық құқық қорғалған.Халықаралық әскери-патриоттық жиын "Айбын".
facebook instagram vk

Please publish modules in offcanvas position.